МӘМС

Бейнеблок МӘМС туралы


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы  

МАЗМҰНЫ  

Осы Заң азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқықтарын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.  

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР  

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар  

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

1) аударымдар – жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлейтін, өздеріне аударымдар төлеу жүзеге асырылған медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алу құқығын беретін ақша;  

2) аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеушілер (бұдан әрі – төлеушілер) – осы Заңда белгіленген тәртіппен аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеуді, ұстап қалуды, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударуды, төлеуді жүзеге асыратын тұлғалар;  

3) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алуды және оларға ақы төлеуді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым; 

4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;  

5) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;  

6) денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу – медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлау, таңдау, шартын жасасу және орындау;  

7) жарналар – осы Заңның 14-бабының 2-тармағында көрсетілген жарналарды төлеушілер қорға төлейтін және медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алу құқығын беретін ақша;  

8) қордың активтері – аударымдар, жарналар, аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзімі өтіп кеткендігі үшін алынған өсімпұл, инвестициялық кіріс және қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны, денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге және қате есепке жатқызылған немесе артық төленген қаражатты қайтаруға бағытталған қаражатты шегергенде, қорға түсетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де түсімдер;  

9) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия (бұдан әрі – біріккен комиссия) – клиникалық хаттамаларды, медициналық білім беру, дәрілік қамтамасыз ету стандарттарын, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылау жүйесінің стандарттарын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау үшін құрылатын уәкілетті органның жанындағы консультациялық-кеңесші орган;  

10) медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты) – медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсетуді көздейтін, қор мен денсаулық сақтау субъектісі арасындағы жазбаша нысандағы келісім;  

11) медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы – осы Заңға сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алуға құқығы бар жеке тұлға; 

12) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені;  

13) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтін, мемлекет белгілейтін нормалар мен қағидалардың жиынтығы;  

14) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтер тұтынушыларға ұсынылатын медициналық көмек көлемі;  

15) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандыру мерзімі (бұдан әрі – сақтандыру мерзімі) – қатысу өтілінде үзіліс болған кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алу құқығы сақталатын кезең;  

16) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі (бұдан әрі – қатысу өтілі) – аударымдар және (немесе) жарналар төлеу жүзеге асырылған кезең; 

17) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға. 

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы  

1. Осы Заң міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қоғамдық қатынастарға қолданылады.  

2. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ оралмандар, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады.  

3-бап. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы  

1. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады. 

3. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының күші қолданылмайды. 

4-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қағидаттары 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: 

1) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын сақтау және орындау; 

2) аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеудің міндеттілігі; 

3) мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі; 

4) көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі және сапасы; 

5) қордың активтерін тек қана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге пайдалану; 

6) қор қызметіндегі жариялылық қағидаттарына негізделеді.

5-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық 

1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке: 

1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке өтініш жасалған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде (осы кезеңде аударымдарда және (немесе) жарналарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) кемінде екі ай өздеріне аударымдар және (немесе) жарналар төлеу жүзеге асырылған;

2) оқу аяқталған жылдан кейінгі жылдың күнтізбелік он екі айы өткенге дейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алған; 

3) осы Заңның 28-бабының 4-тармағына сәйкес қорға жарналар төлеуден босатылған азаматтардың құқығы бар. 

2. Төлеушілердің қатысу өтілінде үзіліс болған жағдайда оларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету сақтандыру мерзімі ішінде жүзеге асырылады. 

3. Қорға аударымдары және (немесе) жарналары түспеген не қорға жарналар төлемеген азаматтарға «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұсынылады. 

6-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау ұйымын таңдау құқығы 

1. Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын таңдауға құқығы бар.

Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

2. Азаматтардың жоспарлы медициналық көмек алу жағдайларында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымды таңдауға құқығы бар. 

3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық ұйымды таңдау құқығы азаматтарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық алған кезден бастап туындайды. 

7-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек 

1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде: 

1) мыналарды: 

алғашқы медициналық-санитариялық көмекті; 

алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмекті қоспағанда); 

2) уәкілетті орган айқындайтын, ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланатын саны шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша – стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмекті қоспағанда); 

3) алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша – стационарды алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмекті қоспағанда); 

4) жоғары технологиялы медициналық қызметтер ұсынылады. 

2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету: 

белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және арнайы емдік өнімдердің уәкілетті орган бекітетін тізбесіне сәйкес – амбулаториялық-емханалық көмек; 

медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес – стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады. 

3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесін біріккен комиссияның ұсынымдарын ескере отырып уәкілетті орган әзірлейді. 

8-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының сақталуын қамтамасыз ету 

1. Мемлекет қор активтерінің сақталуына кепілдік береді. 

2. Қор активтерінің сақталуы: 

1) қордың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді белгілеу арқылы қордың қызметін реттеу; 

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы инвестициялық қызметті жүзеге асыру;

3) қордың активтерін инвестициялық басқару жөніндегі барлық операцияларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есепке алу; 

4) қордың меншікті қаражаты мен активтерін бөлек есепке алуды жүргізу; 

5) жыл сайынғы тәуелсіз аудит жүргізу;

6) қордың тұрақты қаржылық есептілікті Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынуы; 

7) қордың активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының тізбесін айқындау арқылы қамтамасыз етіледі.